Енді ғана ұқтым бәрін, Енді ғана түсіндім - Жанарыма шық тұнғанын, Тағы теріс жорылғанын түсімнің. Құзар шыңға балағаным, Құлатқанын көз жетпейтін биіктен. Лайланып тұма-жаным, Жер бауырлап жылағаным, Жүрегімді қорғай алмай, Күйіктен. (Кеше ғана сүйікті ем...). Кештеу келген ақылым ба, Жатқа айналған жақыным ба, Айыпты? Неге іздедім адалдықты адамнан, Неге күттім жердегі жоқ ғайыпты? Жанымды орап азапты ойға, Көңілімнің көк кептерін ұшырдым. Тәңірім-ау, тозақ қайда, Өртенейін қателігім үшін мың. Ішім-от та, сыртым-жалын, Енді ғана ұқтым бәрін. Енді ғана түсіндім...